Жер жүзіндегі халықтардың бәрінің де түрлі мейрамдары бар. Шығыс халықтарының сондай ерекше мейрамдарының бірі – Наурыз. Күлімдеген шуақты көктеммен бірге қазақ даласына жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Жаңа Жыл келеді. Наурыз мейрамы негізінен адамдардың көрісуінен басталады. Жігіттер төңіректегі бұлақтардың көзін ашып, бұлақ басына тал еккен. Жаңа шыққа күнге иіліп сәлем берген. Ренжіскен ағайындар татуласқан. Ұлыстың ұлы күні кем дегенде жеті түрлі дәмнен тұратын Наурыз көже дайындалады. Бүгін осы дәстүрімізге айналған Ұлыстың Ұлы Наурыз мерекесіне орай бастауыш сынып оқушыларымен «Наурыз – берекем, Наурыз – мерекем!» атты мерекелік концерт өткізілді. Бұл мерекеде әр сынып Наурыз туралы тақпақтарын айтып, әндерін шырқады, мың бұралып биледі. Сонымен қатар, «Шашу», «Сүйінші», «Көрісу», «Айтыс», «Қыз қуу», «Арқан тартыс», «Асық», «Теңге алу» сияқты көптеген салт-дәстүр мен ұлттық ойындарды сахналап көрсетті. Балалар Наурыз мерекесі туралы көп мағлұматтар алды. Іс-шараның соңы бата берумен аяқталды. Мереке көңілді және қызықты өтті.