Мектеп асханалары мен буфеттері бірінші кезекте тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары табиғи тамақ өнімдерімен қамтамасыз етілуі тиіс.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерімен мектептік тамақтануда:
мыналарды: пастерленбеген сүтті; термиялық өңдеуден өтпеген сүзбені және қаймақты; суда жүзетін құстың жұмыртқасы мен етін; ауыл шаруашылығы малының сырқаттанушылығы бойынша қолайсыз шаруашылықтардың сүтін және сүт өнімдерін; тіл, жүрек, бауырды қоспағанда мал мен құстың қосымша ет өнімдерін; механикалық түрде еті сылынып алынған мал мен құс етін; құрамында коллагені бар құс етін; сойылған өнімді мал мен құстың қайта мұздатылған өнімдерін; генетикалық түрлендірілген шикізатты және (немесе) генетикалық түрлендірілген көздері бар шиізаттарды; йодталмаған тұзды және құрамында темір бар витаминдермен, минералдармен байытылмаған (фортификацияланбаған) жоғарғы және бірінші сұрыпты ұнды; банкалардың тұмшалануы бұзылған консервілерді, қақпағы көтерілген консервілерді, тот басқан, пішіні өзгерген, заттаңбасы жоқ банкаларды; ішкен тамақтың артық қалған бөлігін, сондай-ақ алдында дайындалған тамақты; саңырауқұлақты; өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде) тамақ өнімдерін; ащы тұздықтар, кетчуптарды, ащы дәмдеуіштерді (бұрыш, ақшелкек, қыша), сірке суын; табиғи кофені пайдалануға;
мыналарды: қатық, сүзбе мен қышқыл сүт өнімдерін; туралған ет қосылған құймақтарды; флотша макаронды; зельцтерді, форшмактарды, сілікпелерді, паштеттерді; кремі бар кондитерлік бұйымдарды; морстар, квастарды; фритюрде қуырылған бұйымдарды; шала пісірілген жұмыртқаны, қуырылған жұмыртқаны; күрделі (4 компоненттен артық) салаттарды, қаймақ пен майонез қосылған салаттарды; окрошканы; тез дайындалатын құрғақ тағамдық концентраттар негізіндегі бірінші және екінші тағамдарды мектеп асханасында дайындауға және сатуға;
мыналарды: фаст-фудтарды - гамбургерлерді, ход-догтарды, чипсилерді, кептірілген нанды, қытырлақ нанды және тағы басқаларын; құрамына жасанды бояғыштар, консерванттар, хош иістендіргіштер, дәм күшейткіштер, тәттілендіргіштер кіретін тамақ өнімдерін (тәтті сусындар, сүт-шоколад батончиктері және печенье, шикі ысталған гастрономиялық ет бұйымдары, шұжықтар және басқалар) сатуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті ата-аналар мектеп асханасына баруға құқылы екендігін хабарлайды. Қандай да бір бұзушылықтар анықталған жағдайда ата-аналар ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне, сондай-ақ оның аумақтық бөлімшелеріне жүгінуге болады (әр өңірдің ҚДСД-ның байланыс деректері kooz.dsm.gov.kz/ru сайтында аумақтық департаменттер бөлігінде көрсетілген).