Тиісті үлгідегі қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта
білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы
1 -тарау. Жалпы ережелер
1. Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 14-2) тармақшасына сәйкес әзірленген.
2. Осы Қағидалар қолайсыз ауа райының метеожағдайларында сабақты тоқтату кезінде білім алушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) қызметін реттеуге бағытталған.
3. Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандық (қалалық) білім бөлімдері жыл сайын:
1) өңірдің географиялық, климаттық жағдайларына сәйкес, сондай-ақ аумақтық мүдделі мемлекеттік органдардың келісімімен білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру ұйымдарында сабақты тоқтату кезінде қолайсыз ауа райы метеожағдайларының ұсынылатын көрсеткіштерін;
2) ата-аналар мен білім алушыларға уақытында хабарлауға жауапты тұлғаларды, нысандар мен әдістерді көрсетіп, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қолайсыз ауа райының метеожағдайларына байланысты сабақтың болмайтындығы туралы ата-аналар мен білім алушыларды уақытында хабардар ету жүйесін бекітеді.
Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақтың тоқтатылатындығы туралы ақпаратты білім беруді басқару органдары халыққа:
1) теледидарға жүгірпе жол түрінде;
2) радиодан тарату арқылы;
3) әкімдіктің, білім басқармалары мен бөлімдерінің сайттары арқылы;
4) 169 телефоны (ақылы анықтама) бойынша хабарлайды.
Сабақтың тоқтатылатыны туралы хабарлау:
сағат 6.45–8.00-ге дейін – бірінші ауысым үшін, сағат 11.15–13.00-ге дейін – екінші және үшінші ауысым үшін.
4. Мемлекеттік білім беруді басқару органдары күн сайын қолайсыз ауа райының метеожағдайлары кезінде ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдарындағы сабақтың тоқтатылуына мониторинг жүргізеді
5. Білім беру ұйымдарында сабақтар сабақтың тоқтатылуын жариялау үшін қолайсыз ауа райы метеожағдайларының бекітілген ұсынылған көрсеткіштері негізінде жүргізіледі және білім беру ұйымы басшысының не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен ресімделеді және тиісті мемлекеттік білім беруді басқару органының назарына бірінші ауысым үшін сағат 6.00-ден 7.00-ге дейін, екінші және үшінші ауысымдар үшін сағат 10.30-дан 12-ге дейін жеткізіледі.
Оқу сабақтарын тоқтату туралы бұйрықта:
1) сабақ тоқтатылған сыныптар, топтар;
2) білім беру ұйымының жұмыс істеу режимі;
3) оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың барлығын аталған бұйрықпен таныстыруды бақылауды жүзеге асыратын білім беру ұйымы әкімшілігінің тарапынан жауапты тұлғалар;
4) білім алушыларды қабылдауды және үйлеріне қауіпсіз жіберуді жүзеге асыратын педагогтер тарапынан жауапты тұлғалар көрсетіледі.
Сабақты тоқтату туралы бұйрық бекітілгеннен кейін тез арада білім беру ұйымының ресми сайтында және ақпараттық стендінде орналастырылуы тиіс.
Интернаттық білім беру ұйымдарында қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақты тоқтату білім алушылардың тұрғылықты жағдайы ескеріле отырып жүргізіледі.
2-тарау. Сабақ тоқтатылған күндердегі білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
6. Сабақ тоқтатылған күндері білім беру ұйымының қызметі бекітілген жұмыс режиміне, педагогикалық қызметкерлердің қызметі белгіленген оқу жүктемесіне, сабақ кестесіне, басқа қызметкерлердің қызметі жұмыс уақытының режиміне, ауысым кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
7. Егер қолайсыз ауа райы метеожағдайларында сабақ қатарынан 5 күннен астам уақыт болмаған жағдайда, оқу пәндерінің мазмұнын біріктіру, резервтегі сағаттар мен қайталауға кеткен сағаттар есебінен құрылтайшының келісімі бойынша білім беру ұйымының жылдық күнтізбелік-тақырыптық жоспарына түзету енгізу қажет.
8. Жіберілген оқу уақытын каникул немесе оқу жүктемесін шамадан тыс арттыру есебінен өтеуге жол берілмейді.
9. Сабақ тоқтатылған күндері сабаққа келген білім алушылар үшін сабақтың барлық түрлері (оқу, қосымша, үйірмелік, ұзартылған күн топтарының жұмысы), ыстық тамақпен қамтамасыз ету бірінші басшы бекіткен және құрылтайшы келіскен сабақ кестесіне сәйкес толық көлемде жүргізіледі.
10. Сабақ кестесіне сәйкес барлық журналдарға күн көрсетіледі, «Сабақтың тақырыбы» бағанына «актіленген күн» деп жазылады.
11. Білім алушының сабақ тоқтатылған күні орындаған жұмысы үшін алған бағасы түзетілген күнтізбелік-тақырыптық жоспарға сәйкес журналдың сабақ болған келесі күндер бағанына қойылады.