2017 жылдың 06.02.-12.02. аралығында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты қазақ тілі мен әдебиетіі апталығы өтті.
Мақсаты:
Қазақ тілі мен әдебиетінің мол мұрасымен кеңінен таныстыру, пәннің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру;
Қазақ әдебиетін негізге ала отырып, көркем әдеби шығармалардағы кейіпкерлердің игі істерін насихаттау арқылы адамгершілікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.
6 ақпан күні оқушылар мен ұстаздарға қазақ тілі мен әдебиеті апталығының басталғаны туралы хабарланды. Оқушылар апталық жоспарымен таныстырылып, ашылу салтанаты болды.
Апталық аясында жоспар бойынша сыныптан тыс интеллектуалдық, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.. Апталыққа 5-11сынып оқушылары қатысты.
7 ақпан күні қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қазбекова Г. Ж. «Тіл білгірлері» тақырыбына сайыс ұйымдастырды.
Сайыстың мақсаты:
1) оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білімдік деңгейлерін байқау, саралау;
2) оқушыларды еңбексүйгіштік, адалдық, ар-ұят секілді адами қасиеттерге тәрбиелеу;
3) ана тілі арқылы оқушылардың рухани дүниесін, шығармашылық қабілетін арттыру болды.
Бұл сыныптан тыс іс-шара 5-6 сыныптар арасында ұйымдастырылды. Әр топта 6 оқушыдан қатыстырылды. Сыныптың қалған оқушылары жанкүйер ретінде қатысты. Сайыс жеті бөлімнен тұрды. Бөлімдер мазмұны жағынан қазақ тілі мен әдебиет тақырыптарын қамтыды.
І. «Жедел жауап». ( қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша сұрақтарға жауап беру, екі топқа он сұрақтан қойылды, қай топтың жауабы дұрыс болса, сол топ жеңді. )
ІІ. «Сөз тапқанға қолқа жоқ». (әр топқа әріптер берілді, қойылған сұрақтарға сол әріптерден басталатын сөздермен жауап берді.)
ІІІ. «Ұшқыр ой». (берілген сөзден 1 минутта бірнеше сөз құрау.)
ІҮ. «Кім жылдам?» (әр топ басшысы берілген сөздерді қимылмен көрсету керек, ал жанкүйерлер мен топ мүшелері бұл сөздерді дұрыс табу керек..)
Ү. «Тіл өнері.» (мақалдарды жалғастыру.)
ҮІ. Қызықты ұйқастар. (сөздердің ұйқас аудармаларын табу.)
VII. Тұлғаны таны (атақты тұлғалардың портреті арқылы танып, жастарына қарай қою, ол туралы қысқаша мәлімет айту)
Топ басшылары арасындағы сайыста өз тобына жанкүйерлердің тапқырлығы арқасында ұпай жинай алды. Қазақ тілі мен орыс тілінен өткен білімдерін тексерді және қосымша ақпарат алды. Мақал - мәтелдер сайысында өз өнерлерін көрсете білді. Халықтың тарихта қалуы тіліне байланысты. Тіл – халықтың жаны, сәні. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата-дәстүрі. Ендеше, тілге қандай құрмет көрсетсек те лайық.
«...Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!» -деп Мағжан ақын жырлағандай, құрметті ұстаздар мен оқушылар, 7-8 сынып оқушыларымен өткізілетін «Тіл білгірлері» атты сайысымызға қош келдіңіздер! деп басталған сайыс
Ана тілі – біздің туған анамыз,
Анамыздай сыйлап бағып-қағамыз.
Ана тілін бағаласақ қалай біз,
Өзіміздің солай болмақ бағамыз, – деп тілге деген сүйіспеншіліктерін арттыратын тұжырымды ойлармен аяқталды
Іс- шара қызықты, тартымды өтті. Оқушылар белсене қатынасты.
8 ақпан күні қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Тайшибаева Т. А. «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты қазақ тілі мен әдебиеті апталығы аясында 5-8 сыныптар арасында «Білгірлер» интеллектуалдық сайысын өткізді.
Сайыстың мақсаты:
- көркем әдебиетке деген оқушылардың сүйіспеншілігі мен қызығушылығын
арттыру, әдеби кейіпкерлер дүниесімен тереңірек танысу;
- оқушылардың дүниетанымын, білімге қызығушылығын және ойлау қабілеттерін дамыту;
- өз мүмкіндігін дұрыс пайдалана алатын зейінді тұлғаны тәрбиелеу.
(Ойынға 5-8-сынып оқушыларынан 3 топ қатысты, әр топтың аты, топ басшысы болады)
І айналым. «Ұтқыр болсаң, тауып көр...» Көркем шығарманы оқу бар, оны зердеңе тоқу да бар. Ойыншыларымыздың әдебиет сабағынан оқыған көркем шығармаларды қаншалықты көңілге тоқығандары сыналды. Берілген үзінділердің авторын, тақырыбын табу керек болды.
ІІ айналым. «Бұл қай кейіпкер?» Қай қаламгер болмасын өмірдің жақсылы-жаманды қыр-сырын, ащысы мен тұщысын, кейіпкерінің мінез-құлқы арқылы береді. Тіпті айтпақ болған жан айқайын кейіпкерінің аузына сөз салып жеткізіп жатады. Көкірегі ояу оқырман мұны түсінеді, түсінеді де түйсігіне қабылдайды. Бір кейіпкер үшін жанымыз ашиды, біреуіне зығырданымыз қайнайды, тіпті біреу үшін жүрегіміз жарыла қуанып жатамыз. Көркем шығарманы сүйіп әрі сүйсіне оқитын әр оқушы осы бір сезімдерді басынан кешіріп жататыны рас. Сондықтан бұл айналымда қатысушылар кейіпкерлерді тапты.
ІІІ айналым. «Тұлғаны танисың ба?» Халқымыз «қазақты көргің келсе, міне, осы деп» жер жүзіне көрсетуге тұрарлық марғасқалардан еш кенде болған емес. Елі үшін ерен еңбек еткен, қара сөздің қаймағын сүзген ақын-жазушыларымыз да туған жері мен туған жұртын жерге қаратқан емес. Оларды тану, есімдерін ұлықтау - келешектің де, бүгінгі біздің де борышымыз. Бұл айналымда ойыншыларға ақын-жазушылардың есімдерін табу керек болды.
Ойын соңында әділқазы мүшелері ұпай саны жоғары топты «Әдебиет білгірлері» деп жариялады.1 орынға 7 «А» сыныбы, 2 орынға 5 «А» сыныбы, 3 орынға 8 «А» сыныбы ие болды.
9 ақпан күні қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Исмагулова С. К. 8-11 сыныптар арасында «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды ойынын өткізді.
Бұл іс – шараның мақсаты:
- оқушылардың әр салада білімдерін кеңейту ,
- білім деңгейін, шығармашылық ізденесін байқау,
- сөйлеу шеберлігін жетілдіру,
- қазақ тіліне қызығушылығын арттыру.
Ойынға төрт қатысушы қатысты Алты айналым бойынша тапсырмаларды орындады. 1-айналым - Өзін таныстыру; 2-айналым – Бәйге; 3-айналым – Полиглот; 4-айналым - Пәндерге саяхат; 5-айналым - Көкпар; 6-айналым – Жорға.
Оқушылар белсенді қатысты, әр жеке тұлға қазақ тілін қажетті деңгейде меңгергендіктерін таныта білді.
«ХХІ ғасыр көшбасшысы» 11 сынып оқушысы Черныж Юлия деп танылды. Апталық соңында белсене қатысқан, сайыстарда орын алған оқушылар марапатталды.