"Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау"
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін 6 жасқа толған балалар 1-сыныпқа қабылданады. Сондай-ақ, ата-аналар 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін 6 жасқа толатын балаларын да мектепке бере алады.
Мектепке қабылдану үшін мектепалды даярлық сыныбынан өту міндетті шарт болып табылмайды.
Құжаттарды қабылдау мерзімі
1-сыныпқа қабылдау үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында құжат тапсыра алады.
"Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына құжаттарды қабылдау және оқуға қабылдау" мемлекеттік қызметі бойынша "электрондық үкімет eGov.kz» веб-порталы арқылы немесе қағаз түрінде бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдары арқылы құжаттар қабылданады.
Мемлекеттік қызметті алу үшін ата-аналар немесе баланың заңды өкілдері (бұдан әрі – қызмет алушы) қызмет көрсетушіге мемлекеттік қызмет көрсету талаптарына сәйкес құжаттарды тапсырады.
Ата-аналар өтінішті бірнеше жолмен бере алады:
Электрондық үкімет порталы (eGov.kz) арқылы:
· eGov.kz сайтына кіру;
· "Құжаттарды қабылдау және білім беру ұйымына қабылдау" қызметін таңдау;
· Электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы авторизациядан өту;
· Анкетаны толтырып, қажетті құжаттарды жүктеу;
· Портал арқылы өтініш берген кезде, бір жұмыс күні ішінде ата-ананың жеке кабинетіне баланың 1 қыркүйектен бастап мектепке қабылданғаны туралы электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) расталған хабарлама жіберіледі.
Қағаз түрінде (қағаз тасығышта):
· Ата-аналар құжаттарды тікелей мектептің қабылдау бөлмесіне тапсыра алады.
· Құжаттарды қағаз түрінде тапсырған кезде, мектеп қызметкері оларды тіркеп, бір жұмыс күні ішінде ата-анаға белгіленген үлгі бойынша құжаттарды қабылдау туралы қолхат береді.
Бірінші сыныпқа қабылдау туралы бұйрық ағымдағы жылдың 25 тамызынан ерте шығарылмайды.
Қажетті құжаттар тізімі
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін келесі құжаттар қажет:
1. Ата-аналардың немесе заңды өкілдердің белгіленген нысан бойынша өтініші.
2. Баланың 3×4 см өлшеміндегі екі фотосуреті.
3. № 065/у нысанындағы медициналық анықтама (профилактикалық екпе картасы).
4. № 052-2/у нысанындағы медициналық анықтама (баланың денсаулық паспорты).
Оқуға қабылдау тәртібі
Құжаттарды тапсырғаннан кейін мектеп әкімшілігі өтінішті бір жұмыс күні ішінде қарастырады. Оң шешім қабылданған жағдайда, ата-анаға баланың қабылданғаны туралы хабарлама жіберіледі.
Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды қабылдау ерекшеліктері
Арнайы білім беру қажеттіліктері бар (АБҚ) балалар жалпы білім беретін мектептерде оқи алады. Мектепке қабылдау үшін ПМПК қорытындысы қажет, оның негізінде мектеп баланың қандай оқу бағдарламасымен жұмыс жасау керек екенін қарайды.