Мақсаты:
- көркем әдебиетке деген оқушылардың сүйіспеншілігі мен қызығушылығын
арттыру, әдеби кейіпкерлер дүниесімен тереңірек танысу;
- оқушылардың дүниетанымын, білімге қызығушылығын және ойлау, қабілеттерін дамыту;
- өз мүмкіндігін дұрыс пайдалана алатын зейінді тұлғаны тәрбиелеу.
Көрнектілігі: ақын-жазушылар портреттері, слайдтар.
Техникалық құрал-жабдықтар: компьютер, интерактивті тақта.
Барысы: (Ойынға 5-8-сынып оқушыларынан 3 топ қатысты, әр топтың аты, топ басшысы болады)
І топтың аты - «Сұңқар», таңбасы – сұңқардың суреті,
ұраны «Бейбіт елдің сұңқарымыз сүйікті,
Болашақта бағындырар биікті».
ІІ топтың аты - «Тұлпар», таңбасы - аттың суреті.
ұраны «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар».
ІІІ топтың аты – «Домбыра», таңбасы домбыраның суреті,
ұраны «Бабамның үні, бабамның тілі - домбыра ».
Кіріспе: Қайырлы күн, қадірменді ұстаздар, оқушылар және сайысқа қатысушылар! Бүгінгі сайысымызға қош келдіңіздер!
Әдебиет-сөз өнері. Әдебиет-әсемдік әлемі. Әдебиетті ұлағатты адамдар «адамтану құралы» десе, біз «адам тәрбиелеу құралы» дер едік. Өйткені әдеби шығармаларды оқи отырып, сөз маржанының қыр-сырын игеріп қана қоймай, өмірдің ең қымбаттысы, ең асылы-жақсылық пен ізгілікті үйренеміз. Әдебиет - еш уақытта көзге көрінбейтін сезім қырлары арқылы ақыл иесі-адамды өз ырқына жетелей алатын қасиетті дүние. Біздің бүгінгі сайысымызда осынау қасиетті де киелі әдебиетке жаны құмар жандар бақ сынағалы отыр. Ойыншыларымызға әділқазы мүшелері төрелік етеді. Сайысымыз үш айналымнан тұрады.
І айналым. «Ұтқыр болсаң, тауып көр...»
ІІ айналым. «Бұл қай кейіпкер?»
ІІІ айналым. «Тұлғаны танисың ба?»
(Әділқазы мүшелерімен таныстыру).
І айналым «Ұтқыр болсаң, тауып көр...»
Көркем шығарманы оқу бар, оны зердеңе тоқу да бар. Дәл қазір ойыншыларымыздың әдебиет сабағынан оқыған көркем шығармаларды қаншалықты көңілге тоқығандарын сынамақшымыз. Ендеше ұтқыр болсаңыздар, тауып көріңіздер.
(5-8-сынып әдебиет оқулығындағы көркем шығармалардан экранда үзінді беріледі. Үзіндіні оқи отырып, сұрақпен таныстырады. Әр топқа 3 сұрақтан. Ойлануға бір минут беріледі. Әрбір дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі.
1) ... «Қой күзеті- сенікі, қойдың жарымы ығып кетсе, сен ақы-пұлыңды тілеп әбігер саласың!»-дейді де, боқтықтың астына алады. Тек қана жылы киім сұраған жайын ұғындырып айтам деген оны сыбап боқтай береді.
Сұрақ: Қай шығармадан алынған үзінді? Авторы кім? Кейіпкерлерін тап.
(«Қараш-қараш оқиғасы» М.Әуезов Кейіпкерлері: Бақтығұл, Тектіғұл,Қатша, Сәлмен, Жарасбай, Жұматай)
2)...Сол-ақ екен, қарсы бұрылып алап аттыға қарай «арс!» етіп шапшып қалды. Арандай ашылған ауыз бірдемені жұлып түспек еді. Ыңғайына бала тонының өңірі ілінді. Соны бөксеріп жұлып түскенде, боз ат осқырып атқып кетті.
Сұрақ: Үзінді авторы кім? Қай оқиғаны бейнелеуден үзінді деп ойлайсыз? Жазушы осы шығарма арқылы нендей мәселені көтерген еді?
(Мұхтар Әуезов. «Көксерек» әңгімесі Жалпы табиғатқа шабуыл жасау, оның тылсым тыныштығын бұзу мәселесі )
3)...Кемпір: Тұрсам отыра алмаймын, шырағым, отырсам тұра алмаймын, шырағым, әперуге әлім жоқ, нашар адаммын,-деп мүләйімсиді.
Сұрақ: Үзінді қай ертегіден? Бұл ертегі ертегінің қай түріне жатады? Кейіпкерлері кімдер? Кемпірдің нені әперуге әлі жоқ?
(«Алтын сақа» ертегісі, қиял-ғажайып ертегіге жатады. Алтын сақаны алып беруге әлі жоқ. )
4) Ерлерді ұмытсам да ел сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытсам да ел жел ұмытпас.
Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған
Ерлерді ұмытсам да ел шөл ұмытпас.
Сұрақ: Қай поэмадан үзінді? Авторы кім? Тарихи шығарма екенін дәлелде.
(М.Жұмабаев «Батыр Баян» поэмасы, )
5)...Бір кезде жасыл толқынға сүңгіп құмарың қанып, енді тыныстайын дегендей, қимылсыз жата қойсаң шалғынның тұбінде ақ меруерттей жалтылдаған, көлемі бөдененің жұмыртқасындай бір домалақ заттарды көресің. Бұл не? жұмыртқа дейін десең, тым жиі шалғынның түбінде сыңсып сыймайды!.. Бұл ма? Бұл-жидек!
Сұрақ: Үзінді кімнің шығармасынан? Үзіндіде қай әннің шығу тарихы баяндалады, соны әңгімеле.
(С.Мұқанов «Есіл бойында». «Есіл тасып барады» әнінің шығу тарихы)
6) Ерте, ерте ертеде, ешкі құйрығы келтеде, Қаратаудың ойында, Қарасудың бойында бір кедей болыпты. Ол құс атып, балық аулап күн көреді екен. Әйелі ау тоқып, жамау жамайды екен.
Сұрақ: Үзінде қай ертегіден? Ертегінің қай түріне жатады? Басты кейіпкері кім?
( «Керқұла атты Кендебай» ертегісі. Қиял-ғажайып ертегі. Кендебай)
7) Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Сұрақ: Үзіндінің авторы кім?
(Абай Құнанбаев. Қансонарда бүркітші шығар аңға)
8) Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да ...
Сұрақ: Үзіндінің авторы кім?
(Қасым Аманжолов. Өзім туралы.)
9) Әуелде құдай өлшеп берген дене,
Қаншама зорлағанмен артылмапты.
Нақыл сөз: “Әлін білмес әлек” деген,
Осындай әуре болған жаннан қапты.
Сұрақ: Үзіндінің авторы кім?
(Ахмет Байтұрсынов. Өгіз бен бақа.)
ІІ айналым. «Бұл қай кейіпкер?»
1-жүргізуші: Қай қаламгер болмасын өмірдің жақсылы-жаманды қыр-сырын, ащысы мен тұщысын кейіпкерінің мінез-құлқы арқылы береді. Тіпті айтпақ болған жан айқайын кейіпкерінің аузына сөз салып жеткізіп жатады. Көкірегі ояу оқырман мұны түсінеді, түсінеді де түйсігіне қабылдайды. Бір кейіпкер үшін жанымыз ашыды, біреуіне зығырданымыз қайнайды, тіпті біреу үшін жүрегіміз жарыла қуанып жатамыз. Көркем шығарманы сүйіп әрі сүйсіне оқитын әр оқушы осы бір сезімдерді басынан кешіріп жататыны рас. Ал бүгінгі ойыншыларымыз әдеби кейіпкерлерді қаншалықты таниды екен?
1) «Жетім ұлға қызымды бермеймін, малыма ие болып қалады» деп елінен үдере көшіп, шөл далаға кезігетін кім?
(Қарабай. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»)
2) Өзі мерген, өзі құсбегі, үнемі қанжығасы қанды бола тұра үйіне қоржынын толтыра әкелмейді, қолындағысын жұртқа үлестіріп береді.
(Ораз. С.Мұқанов «Өмір мектебі».)
3) Кішкентай қасқырдың күшігін асырап, оған қамқор болған кейіпкер....
(Құрмаш. М.Әуезов «Көксерек» әңгімесі)
ІІІ айналым. «Тұлғаны танисың ба?»
Халқымыз «қазақты көргің келсе, міне, осы деп» жер жүзіне көрсетуге тұрарлық марғасқалардан еш кенде болған емес. Елі үшін ерен еңбек еткен, қара сөздің қаймағын сүзген ақын-жазушыларымыз да туған жері мен туған жұртын жерге қаратқан емес. Оларды тану, есімдерін ұлықтау-келешектің де, бүгінгі біздің де борышымыз.
(Бірінші боп көтерген топ жауап береді, әр дұрыс жауапқа 5 ұпай беріледі.)
1)Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыққан зерттеуші, ғалым, этнограф, заңгер, саяхатшы, географ, тарихшы, қазақтан шыққан тұңғыш ғалым. (Шоқан Уәлиханов)
2) Соғыста қаза тапқан баласын жоқтап өлең шығарған, немересін алданыш көрген, халық поэзиясының ірі өкілі, жүз жасаған бәйтерек.
(Жамбыл Жабаев)
3) Ұлы Абайдың үздік шәкірттерінің бірі, үлкен ақын, Пушкиннің «Дубровский» повесін поэма етіп қазақшаға аударған.
(Шәкәрім)
4) Қазақтың ұлы ақыны, ірі тұлға.
(Абай)
5) Қазақ тіл білімінің атасы, халқын «маса» боп шағып оятқан, Крылов мысалдарын аударған, оқу-ағарту, әдебиет, мәдениеттегі орны ерекше халқымыздың бес арысының бірі.
(Ахмет Байтұрсынов)
6) Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ халқын бүкіл әлемге танытып классик атанған, қорғансыздар тақырыбын шығармаларына арқау еткен.
(Мұхтар Әуезов)
(Ойын соңында әділқазы мүшелері ұпай саны жоғары топты «Әдебиет білгірлері» деп жариялады.)